КР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына арналған «Желтоқсан оқиғасы - Тәуелсіздік айғағы» атты тарихи-танымдық шараның Хабарламасы.

14 желтоқсан күні сағ: 15-00 Ақтөбе облыстық Кеңес Одағының Батыр Ә.Молдағұлованың меморилды музейінде КР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасы 30 жылдығына арналған «Желтоқсан оқиғасы  - Тәуелсіздік айғағы »  тарихи-танымдық шара ұйымдастырылып өтті.

 

Шараның мақсаты: Желтоқсан оқиғасы арқылы жүздеген жылдар бойы бабаларымыздың армандаған егемендігіне қол жеткізгендігімізді, осы тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен өмірден өткендіктерін жете ұғындыру. Тәуелсіздігіміздің жеткен  жетістіктерін мақтанышпен айту. Патриоттық тәрбие беру.    

Шараға тарихшы –өлкетанушылар, Желтоқсан оқиғасының куәгерлері, мектеп ұстаздары мен оқушылары, Заң институтының  студенттері, облыстық мұрағат қызметкерлері  қатысты.

Желтоқсан  оқиғасына қатысқан  куәгерлер  Қ.Жұбанов атындағы  Ақтөбе  өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Бауыржан   Жүнісов,  №31 ОМ қаз.тілі, әдебиет  мұғалімі Дарига  Ескалиева, «Үш таған» журналының бас редакторы  Бақыт  Жаншаевалар   осыдан  30 жыл бұрын, яғни  1986 жылы желтоқсан айында Алматы қаласының орталық алаңына қазақ жастары жиналып, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед  Қонаевтың орнына Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген және есімі де елге белгісіз Геннадий  Колбиннің  тағайындалуына  қарсылық  танытып  бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қатысқандарын,  сол кезде ешқандай қорқыныш сезімі болмағанын, Ел  болашағына  бей-жай қарамайтындарын  білдіру  үшін жиналғандарын еске алды.

 Қазақ  халқының  азаттық,  Ел тәуелсіздігі  жолында  талай  көтерілістің  болғандығын,  қазақ  жастарының көтерілісі - қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы сан ғасырлық  күрестің  ең нәтижелі де салмақтысы  және  темірқазығы болғанын  айтып өтті.  

Қазақ жастарының  бұл  наразылығы  бүкіл әкімшіл - әміршіл  жүйеге  наразылыққа  ұласып, Кремль саясатына қайшы келген  шеру қатыгездікпен жаншылғанын, кейіннен осы оқиғаға қатысқаны үшін оқудан, комсомол қатарынан  шығарылып, қудалауға  түскендерін, кейбір жастардың түрмеге тоғытылғанын еске алды.

            Қазақ  жігіттері   қазақ  қыздарының   намысын  таптатпай,   бас ал  десе шаш  алатын  әскердің   зұлымдығынан  қорғап,  қасық  қаны  қалғанша  күресе  білгенін,  өршіл   жастардың   бойынан  еліне  деген сүйіспеншілігін, ұлттық  рухтың  болғанын  әңгімелеп берді.

Жас Отан Жастар Қанатының төрағасы  Асылжан   Бүркіталин  сол кездегі  алаңға шыққан жастардың ерлігі мәңгі есте қалатынын, 21 ғасыр жастарының бойында  ұлттық  рухпен  патриоттық сезімнің қалыптасып келе жатқандығын  және  Жас Отан жастар Қанатының жұмысымен таныстырып, көптеген  патриоттық, қайрымдылық  шараларға, акцияларға, форумдарға қатысып ел игілігіне өздерінің үлестерін қосып жүргендерін айтты.

Өлкетанушы  Б.Мырзабай  ата-бабамыз үш жүз жыл бойы аңсаған арманы, қол жеткізген қазынасы — Тәуелсіздікке 25 ғасыр толып отырғанын, Желтоқсан оқиғасы-Тәуелсіздіктің бастауы екеніне тоқталды. Жастар шара барысында қонақтарға сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Ақтөбе  мемлекеттік мұрағатының құжаттарды жариялау және пайдалану тобының жетекшісі  Бақытгүл  Ешмұратова  сол оқиғаға  байланысты шыққан  газет материалдарымен,   архив   деректерімен  таныстырып  өтті.

№27мектеп – лицейінің оқушылары  ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап  дайындаған «Домбырасыз сән қайда?»  және  «Нағыз патриот»  атты  театрландырылған көрініспен  көпшіліктің  ризашылығына  бөленді.     

Ақтөбе облыстық «түзету мен есту қабілеті бұзылған» балалар мектеп интернатының  «Өрнек» би  тобының  бишілері  ұлттық биін  «Ерке  сылқымды»  мың  бұралып  биледі.  

Музей директоры Е.Қалтаева шараға қатысқан қонақтарды Тәуелсіздіктің  25 жылдығымен  құттықтап, естелік  сыйлықтар табыстады.

 

                                           

А.Тұралиева – Ә.Молдағұлованың

мемориалды   музейінің бас  қор  сақтаушысы