Мұражайдың ашуы

Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1980 жылғы 5 маусымдағы жарлығы бойынша Мәдениет Министрлігі 1980 жылдың 11 маусымында Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың мемориалды музейін ашу туралы бұйрық шығарды.Музейді ұйымдастыру жылдарында экспозицияны, музейдің қорын құру және ғылыми-зерттеу жұмыстары, батыр қыздың өмірі мен ерлігі туралы мәліметтер жинақтау жұмыстары қатар жүргізіліп отырды.Сонымен қатар, Әлияның бейбіт өмірде және майданда жүріп өткен жолдары бойынша іссапарлар ұйымдасырылып, туыстары, командирлері, майдандастары, ұстаздары, сыныптастары және соғыс ардагерлерімен кездесулер өткізілді.

     Музейді құрудың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың өз Отанына деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық тәрбие беру.

    Әлия  музейі жұмысының мазмұны - батыр қыздың өмірі мен ерлігі туралы мәліметтерді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу болып табылады.

        Музей 1985 жылдың 22 сәуірінде Ақтөбе қаласында, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына және Батыр қыздың 60 жылдығына орай салтанатты түрде ашылды.

      Музей көпшілікке мәдени және әскери-патриоттық тәрбие беру орталығы болып табылады.

      Музейдің негізгі жұмыс бағыттары – ғылыми- зерттеу, танымдық, жинақтау және жалпы мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыру.

      Музейдің ашылу салтанаты партия, комсомол мекемелері өкілдерінің әскери және ардагерлер ұйымдарының, Әлияның туыстарының, оқушылар мен студенттердің қатысуымен өтті.Салтанатты митинг ұйымдастырылып, онда Әлияның апасы әрі жақын досы – Сапура Молдағұлова облыс әкімшілігі мен соғыс ардагерлері сөз сөйледі.Музейді ашу құқығы Сапура Молдағұлова мен облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Сағынтаевқа берілді.Туған жерінде Ә.Молдағұлованың музейінің ашылуы – батыр қызды ардақтап, құрмет тұтудың белгісі.

Кто на сайте

Қазір 94 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр