Өмірбаян

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова 1925 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында Нұрмұхамбет Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың жанұясында дүниеге келген.1931-1932 жылдары анасы қайтыс болған соң Әлия нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұловтың қамқорлығында болған.

      1933 жылы Әбубәкір Молдағұловтың жанұясы Әулие-Ата станциясына (қазіргі Тараз)

қоныс аударды.Әлия мен Сапура (Әбубәкірдің қарындасы) осы жерде 1-сынып табалдырығын аттады.

      1935 жылы Ә.Молдағұлов Әскери-Транспорт Академиясына оқуға қабылдануына байланысты жанұясымен Москва қаласына қоныс аударады.Осы қалада Әлия орта мектептің 4-сыныбын аяқтайды.

       1938 жылы Әскери-Транспорт Академиясының көшірілуіне орай  Ә.Молдағұловтың жанұясы Ленинград қаласына қоныс аударады.Біраз уақыттан соң тұрмыстық қиындықтарға байланысты Әлия №46 жетім балалар үйіне орналасады.Жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері қаланың №140 мектебінде білім алды.

      1941 жылдың 22 маусымында  неміс басқыншыларының Кеңес Одағы жеріне басып кірген қаһарлы күндерін, балалар үйінінің тәрбиеленушілері Ленинград түбіндегі Сиверская селосында қарсы алды.

      1941 жылы 30 қыркүйектен бастап, Ленинград қаласы қоршауда қалды.1942 жылдың наурыз айында №46 балалар үйінің тәрбиеленушілері Ярославль облысының Вятское селосына көшірілді.Әлия Вятск орта мектебінің 7-сыныбын бітірген соң, әскери ұшқыш болуды арман етіп, Рыбинск авиация техникумына оқуға түседі.

      1942 жылы Рыбинск аудандық әскери комиссариатының жолдамасымен Москва түбіндегі БЛКЖО Орталық Комитеті жанындағы Әйелдердің Орталық  Мергендер Мектебіне қабылданады.Әлия Молдағұлова 1943 жылдың шілде айында мергендер мектебін үздік аяқтап, Солтүстік-Батыс майданның 54-ші атқыштар дивизиясының 4-ші батальонына жіберілді.

      1942 жылдың қаңтар айында 54-ші атқыштар дивизиясының Псков бағытындағы шабуылы басталды.Міндет – үлкен стратегиялық маңызы бар Новосокольники-Дно бағытын кесіп өтіп, Казачиха деревнясын жаудан азат ету.Әлия құрамында болған 4-ші батальон Насваның батыс жақ шетіне жете бергенде немістер танкілердің қолдауымен қарсы шабуыл ұйымдастырды.Әлияның бөлімше командиріне оқ тиіп, ол саптан шықты.Жауынгерлер кібіртіктеп, кейін шегіне бастады.Осы сәтте Әлия : «Бауырлар!Отан үшін алға!» -деп ұран тастап, батальон жауынгерлерін шабуылға көтерді.Сол сәтте Әлия жау оғынан жараланды.1944 жылдың 14 қаңтарында Казачиха селосын жаудан азат ету үшін болған осы  шайқаста Әлия Молдағұлова қаза тапты.

     1944 жылдың 4 маусымындағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

      БЛКЖО Орталық Комитеті жанындағы Әйелдердің Орталық Мергендер Мектебіндегі Әлияның курстасы, оның жауынгер құрбысы әрі мерген сыңары Надежда Абрамовна Матвеева: «Мен Лиядай жанын шүберекке түйіп, өршелене, өжеттене ұрыс салған адамды көрген емеспін.Меніңше, оның тап осылайша шайқасқан себебі – ол өз елін, шат өмірді жан-тәнімен сүйетін.Мен осындай айбынды асыл құрбыммен, тіпті де именбестен айтар едім – Отанымыздың ұлы патриот қызымен тағдырдың табыстырғанына дән ризамын.Лия мен үшін тірі және қашан да менімен бірге.Мен осыны мақтаныш етемін» - деп ерекше ыстық сезіммен еске алады.

      Әлия Молдағұлованың жалын боп лаулап өткен, құйрықты жұлдыздай қысқа ғұмыры -  жас ұрпаққа мәңгі үлгі-өнеге.Ол қаһармандық дастанын жазып үлгерді. Ару Әлия, батыр Әлия бізге «Отаным, елім» деп соққан аяулы жүрегін мирас етті.Отан деп соққан жүрек ешқашан тоқтамақ емес.Әлия жүрегі де ел игілігі жолындағы ерлік ісімен тірі, мәңгілікке тірі! 

Кто на сайте

Қазір 75 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр